
2026 жылғы 6–8 ақпан аралығында Италияның Генуя қаласында джиу-джитсудан GENOA OPEN (Ne-Waza) халықаралық турнирі өтіп, оған әлемнің әр елінен жоғары деңгейдегі спортшылар қатысты. Жарысқа Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында елдің жетекші мектептері мен академияларының өкілдері — ерлер мен әйелдер сынға түсті.
Халықаралық дода қорытындысы бойынша Қарағанды облысының спортшылары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Жүлдегерлер қатарында Бұқар жырау ауданының өкілі Ажар Салықова бар. Ол 63 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені жеңіп алды. Спортшы Қарағанды қаласындағы MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN академиясының атынан өнер көрсетеді.
Спортшының айтуынша, турнир өте тартысты және бәсеке деңгейі жоғары болған:
«Қатысушылар құрамы өте мықты болды, жекпе-жектердің басым бөлігі тең дәрежеде өтті. Мұндай халықаралық тәжірибе үлкен шыңдалу береді. Жүлдегерлер қатарына енгеніме және аудан мен облыстың намысын лайықты қорғағаныма қуаныштымын. Бұл — жаттықтырушылардың еңбегі мен күнделікті дайындықтың нәтижесі», — деді Ажар Салықова.
Жаттықтырушылар штабы да бұл жүлде жүйелі дайындықтың жемісі екенін атап өтті:
«Ажар тактикалық тұрғыдан сауатты күресті, партерде сенімді жұмыс істеді және мінез көрсете білді. Халықаралық деңгейдегі тұғырға көтерілу — оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің айғағы. Алдағы уақытта нәтижесін одан әрі жақсартуға мүмкіндігі жоғары», — деді команда бапкерлері.
Жалпы турнир қорытындысында Қарағанды облысының өкілдері алты медаль жеңіп алды:
Алматай Жігер, 77 кг — MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN, Қарағанды қ.
Сағындық Асылмұрат, +94 кг — MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN, Қарағанды қ.
Стрельцова Анна, 57 кг — MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN, Қарағанды қ.
Байсеркеева Алина, 52 кг — OA JJ, Қарағанды қ.
Байсеркеева Ариана, 57 кг — OA JJ, Қарағанды қ.
Ажар Салықова, 63 кг — MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN, Қарағанды қ.
Қарағанды облыстық джиу-джитсу федерациясы спортшылар мен жаттықтырушыларды табысты өнер көрсетулерімен құттықтап, халықаралық жарыстар кәсіби шеберлікті шыңдауға және қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы беделін нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.