
Ботақара кентінде екі айлық күздік сенбіліктер басталды. Бұл экологиялық шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, кент тұрғындары мен жергілікті ұйымдардың белсенді қатысуымен өтуде. Сенбіліктер барысында Ботақара кентінің басты көшелері мен қоғамдық орындары, сонымен қатар, аулалар мен аллеялар қоқыстан тазартылды. Кенттің сыртқы аймақтары мен жасыл желектер өсіп тұрған аумақтар да назардан тыс қалған жоқ. Қоқыстарды жинау, ағаштар мен бұталар айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Сенбіліктің басты мақсаты — кенттің тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.