Ағымдағы жылдың 9 маусымында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынның қатысуымен Ботақара кенті әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Іс-шара аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған кент тұрғындары, аудандық бөлім басшылары қатысты. Кент әкімі Асқар Отынчиев 2025 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы есеп беріп, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Ол абаттандыру, инфрақұрылым, жол жөндеу, жарықтандыру және басқа да маңызды бағыттар бойынша атқарылған шараларды атап өтті. Кездесу барысында тұрғындар жылу, ауыз су, кәріз жүйесі мен электрмен қамту мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, көппәтерлі үйлер аумағын абаттандыру, демалыс орындарын көбейту және спортты дамытуға қатысты ұсыныс-тілектер айтылды. Кент әкімі мен аудандық бөлім басшылары әрбір сұраққа нақты жауап беріп, бірқатар мәселе бақылауға алынатынын жеткізді. Кездесудің соңында аудан әкімі Ерлан Құсайын тұрғындардың белсенділігіне алғыс айтып, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру, демалыс саябағын дамыту, бұқаралық спортты қолдау бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің оң шешімін табу үшін кент әкіміне шараларды қабылдауды міндеттеді.