ҚАРАҒАНДЫДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ШЕБЕРЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ» ЖАСТАР ФОРУМЫ МЕН «WORLD SKILLS KARAGANDA» ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІ

ҚАРАҒАНДЫДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ:  ШЕБЕРЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ» ЖАСТАР ФОРУМЫ МЕН «WORLD SKILLS KARAGANDA» ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІ

19 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында жастар үшін үлкен маңызы бар екі бірдей іс-шараның шымылдығы түрілді. Бірі — «Жұмысшы кәсіптер жылы: шеберлікке бастар жол» атты аймақтық форум болса, екіншісі — «WorldSkills Karaganda» чемпионаты. Бұл шаралар Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп, жастар, билік, бизнес пен білім саласының өкілдерін бір шаңырақ астында жинаған маңызды алаңға айналды.

Форумның ашылуында 700-ден астам қонақ жиналды. 38 колледжден келген студенттер мен 10 әлеуметтік серіктес — өңірдің алдыңғы қатарлы компаниялары қатысты. Қарағанды облысы — еліміздегі ірі өндіріс, құрылыс пен металлургия орталығы. Аймақтағы 800-ден астам кәсіпорын мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Ал техникалық және кәсіптік білім — осының бәрінің тірегі. Форум аясында қонақтарға арнайы белсенділік алаңдары ұйымдастырылып, есте қалатындай арнайы естелік монета жасалды.

Қарағанды - ел экономикасының жүрегі, өндірістің қара шаңырағы десек, артық айтқандық емес. Бұл жерде негізгі күш - білім мен кәсіби шеберлікте. Облыстағы 52 колледжде 32 мыңнан астам студент 126 мамандық бойынша білім алуда.

Бүгінде 37 кәсіпорынмен бірлесіп 152 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. 38 колледж дуальды оқытуға көшті. 8 мыңнан астам кәсіпорынмен әріптестік орнаған.

Қарағанды тек зауыт-фабрикамен шектелмейді. Бұл - адам капиталына, білім мен білікке басымдық беретін аймақ. Соның бір айқын дәлелі - WorldSkills қозғалысындағы жетістіктер. 2024 жылы Қарағанды облысының командасы республика бойынша үздік үштікке енді.

Биылғы 20 - 23 мамыр аралығында өтетін WorldSkills Karaganda чемпионатына 38 колледжден 286 үміткер қатысып, 46 құзырет бойынша сайысқа түседі. Сайыс алаңдары алты колледж бен тағы 13 оқу орнын қамтиды.

2024 жылы қарағандылық студент ұлттық чемпионатта прототип жасау бойынша 1-орын алып, Халықаралық додаларда Қазақстан атынан өнер көрсетті. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен байқауда Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша топ жарды.

Бұл - жай ғана бір баланың жеңісі емес. Бұл - облыстың жүйелі еңбегінің жемісі. Қарағанды колледждері Қытай, Германия, Жапония, Беларусь, Өзбекстан мен Түркия елдерінің оқу орындарымен тығыз байланыста. Мұндай ынтымақтастық білім сапасын көтеріп, жұмысшы мамандықтарды әлемдік деңгейге шығаруға жол ашады.

Сондай-ақ облыс бойынша «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер Атласы» әзірленді. Мұнда ертеңгі күнде қажет болатын, бүгін пайда болып жатқан және жойылып бара жатқан кәсіптер қамтылған. Аддитивті технологиялар, мультимедиалық дизайн, киберқауіпсіздік сияқты бағыттар бойынша нақты құзыреттер енген. Айта кетсек, 2024 жылы өңір түлектерінің 90,8% жұмысқа орналасқан. Бұл — облыстағы білім беру жүйесінің еңбек нарығымен үйлесіп отырғанының көрінісі. Атлас болашақ мамандарды сапалы даярлауға жол ашады.

Форум соңында чемпионат қатысушылары адал жарыс өткізуге ант беріп, әділ бағалау болатынын уәде етті. Форумның шымылдығы танымал әнші Qanay-дың жастарды рухтандырған әсерлі әуенімен жабылды.

Түстен кейін оқушылар мен студенттер форсайт-сессияға қатысты. Мұнда түрлі саладағы мамандар сөз сөйледі:

  • Пэн Хунцзюнь – Қытай, Нанкин орман-техникалық университетінің жаратылыстану факультетінің деканы
  • Ерлан Әшім – «Natige» сүт фабрикасының директоры, «Kurabie» фабрикасы, «Milkhouse» дүкен-кафесі, «220 VOLT» компаниясы, «Qasym Kitap» баспасы мен Turan El мейрамханасының иесі
  • Алпыспаев Әлібек Жанарович – «QARMET» АҚ-ның әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің басшысы
  • Құттыбаева Гүлпахат Мұхамедқызы – Қарағанды технология және сервис колледжінің 3-курс студенті. Қазақтың қолөнерін, кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген шебер. Жүн өңдеу кәсібін дөңгелетіп, облыс әкімінің грантын жеңіп алған. CHANEL мен LOUIS VUITTON дизайнерлеріне өз бұйымдарын тарту еткен.

Сессия барысында цифрлық замандағы жұмысшы мамандықтарының болашағы, білім беруді еңбек нарығына сәйкестендіру жолдары, түлектердің жетістік тарихтары, жұмысшы әулеттерінің дәстүрін сақтау, ұстаздардың тәрбиелік және кәсіби рөлі, жұмысшы мамандықтарының ерекшелігі мен артықшылығы және жастар арасында кәсіптік білімнің беделін көтеру мәселелері қозғалды.

«WorldSkills Karaganda» чемпионаты 20 - 23 мамыр аралығында жалғасады.