1 қыркүйектен бастап «ӘНШУАҚ» қазақ тіліндегі республикалық балалар әндері фестиваль - челленджі бастау алды. Фестиваль әр өңірде 2025 жылдың 1 маусымында «Гала- концертпен» аяқталады. Челленджде тек қазақ тіліндегі балалар әндерін 6-17 жас аралығындағы білім алушылар орындайды.
Биылғы жыл ерекшелігі, «ӘНШУАҚ» республикалық радиофестивалінің Anshuaq.kz@mail электронды поштасына балалар әнінің сапалы жазылған MP3 нұсқасын оқушылар жолдап, әнмен қоса толық ақпарат салынуы керек (облыс, қала, аудан, ауыл атаулары, білім беру мекемесі атауы, орындалатын ән аты, авторлары, орындаушының аты-жөні).
Электрондық поштаға келіп түскен әндер іріктеуден өтіп, сапалы, мазмұнды, талапқа сай ән тікелей эфир арқылы радио желісінде орындалады. Радио сайтына тіркелген орындаушыға радиотыңдарман дауыс береді. Дауыс беру келер аптадағы кезекті хабар басталғанша қабылданады. Әр хабар сайын өткен аптаның жетістігі хабарланып, ең көп дауыс жинаған «Танымал өнерпаз» анықталады. Қыркүйек пен наурыз аралығында 25 үздік орындаушы таңдалып, наурыз айы мен мамыр айы аралығында өзара «Ең танымал өнерпаз» аталымы бойынша сайысқа түседі. Балалар әндерін қайталап әр түрлі форматта орындауға болады. Орындаушылар санына шек қойылмайды.
«Танымал өнерпаз» аталымын иемденген 25 жас өнерпаздар Астана қаласында өткізілетін «Гала концертке» қатысады.