«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жас мұғалімдердің «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Қарағанды облысының 130-дан астам педагогі қатысты.

Форум жас мұғалімдер үшін пікір алмасып қана қоймай, табысты адамдар мен өз қатарластарының ойын біліп, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін пікірталас алаңына айналды.

Форумды бастаған қарағандылық NIS директоры Равиль Якупов жас мұғалімдерге табыс тілеп, Зияткерлік мектептің есігі жас мұғалімдерге әрдайым ашық екенін атап өтті:  - Мұғалім үшін ниеттес адамдардың арасында өмір сүріп, бірге дамып, бірге еңбектену өте маңызды.

Форумның арнайы қонақтары ретінде жетістікке жеткен қарағандылық белгілі азаматтар сөз сөйледі. Суретші, халықаралық «Атом» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің өмір жолы жас мұғалімдердің ешқайсын бейжай қалдырмады. Өңірге танымал суретші білім берумен қатар, оқушылардың бойында мейірім, қамқорлық сияқты адамгершілік қасиеттерді дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Ал танымал жүргізуші Айбат Никулин мақсат қойып, оған жетудің жолдарын ұсынды.

Тақырыптық алаңдарда мұғалімдер білім берудегі басты мәселелерді талқылап, бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік алды. Жас ұстаздарға Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының сабақ құрылымын зерттеу, функционалды сауаттылықты арттыру, SAMR технологиясы сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренингтер ұсынылды. Қарағанды облысының атынан тамыз айында республикалық жас мұғалімдер форумына қатысқан педагогтер де өз білгенін ортаға салып, сабақ беруде қолданатын түрлі әдіс-тәсілдерін бөлісті.

Ал Зияткерлік мектептің педагог-психологтары өткізген тренингте мұғалімдер эмоционалды интеллектінің маңызы жайлы біліп, эмоцияны тану және басқарудың жолдарын меңгерді.

Мұғалімдерің білімі мен білігін арттыруға арналған дәрістерден бөлек, қызықты уақыт өткізіп демалуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Жас педагогтер спорттық ойындар ойнап, сурет салып, фильм дыбыстады.

– Форум өте жоғары деңгейде өтті. Өзім сияқты жас мамандарды көріп, серпіліп қалдым. Көп құнды, пайдалы ақпарат алдым, – деп бөлісті Үштөбе тірек мектебінің мұғалімі Нұрлан Абдуллин.