Грантқа түсу үшін өткізілетін ҰБТ 15 сәуірде басталады

Грантқа түсу үшін өткізілетін ҰБТ 15 сәуірде басталады

Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді.

ҰБТ-ға өтінішті http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады.

ҰБТ электрондық форматта "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.

Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады.

Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.

Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады.

Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады.

Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады.

Сонымен бірге тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша  жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.

 ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.