Құрметті ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері!

Құрметті ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекеміз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын!

Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді шәкірт бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан.

Ұстаз – қасиетті тұлға. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»  деген сөзі қашанда маңызды.

Дара да дана Абай ақынның «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген бір ауыз сөзі ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін айқындап тұр.

Ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық етпейді. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге икемді жаңашыл білім беретін ұстаздардың еңбегі жана берсін!  Мереке қарсаңында Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз үшін жүрекжарды ризашылығымды білдіре отырып,  өскелең ұрпақты оқытуда және тәрбиелеуде мықты денсаулық, құт-береке, бақыт және еңбекте жаңа жетістіктер тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Г. ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы