Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара өтті

4 маусым Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара Орталық Ту Тұғырының жанында аталып өтті. Бұл — тәуелсіз еліміздің тарихы мен болмысының, бірлігі мен тұтастығының айшықты символдарына деген құрметтің көрінісі.

Мерекелік жиынды облыс әкімі Е. Бөлекпаев құттықтау сөзімен ашып, мемлекеттік рәміздердің ұлт рухын көтерудегі рөліне тоқталып өтті. Әкім өз сөзінде Елтаңба, Ту мен Әнұран — әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататын қасиетті белгілер екенін атап өтті.

Салтанатты шара барысында биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының озат студенттері ерекше құрметке ие болды. Республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, кәсіби шеберлігімен дараланған білім алушылар облыс әкімінің арнайы құттықтау сертификатымен марапатталды.

Бұл марапат — еңбекке деген адалдық пен табандылықтың, білім мен біліктің бағалануы. Жастардың осындай жетістіктері — еліміздің жарқын болашағының кепілі екенін көрсетеді.

Мереке барысында патриоттық әндер шырқалып, Ту көтеру рәсімі орындалып, жиналған жұртшылыққа рухани серпіліс сыйлады.