Тууды тіркеу

Тууды тіркеу

Аталып өткендей, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді.

Жаңалықтар Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған және сол мемлекеттің туу туралы куәлігін алған балаларға да қатысты болып келеді. Енді, ата-анасы қалауы бойынша, баланың тууы шетелде тіркелгеніне және сол мемлекеттің туу туралы куәлігі бар болуына қарамастан, Қазақстанның кез-келген тіркеуші органында қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті ала алады. Бұндай жағдайда баланың туылған жері деп баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.

Мысалы, балаға Өзбекстан Республикасында туылған жері бойынша туу туралы куәлігі берілген болса, жаңа түзетулерге сәйкес нақты туылған жері көрсетілген қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті баланың ата-анасы Қазақстанның кез-келген тіркеуші органынан алуына болады. Аталған новелла мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, қарыз жүктемесін алып тастау және т.б.мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға ата-аналарға мүмкіндік береді.

Аталған новелла тек кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты екенін атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған баланың тууын тіркеп, қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті алу үшін, мынадай құжаттардың бірін ұсыну қажет:

1) туу туралы куәліктің түпнұсқасы;

2) туу туралы акт жазбасының көшірмесі;

3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасы.

 

Өтінішті баланың ата-анасының біреуі бере алады. Өтінішті “Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорация” бөлімдері (ХҚКО) арқылы, немесе АХАТ бөлімі арқылы беруге болады.

 

Қызмет ақысыз түрде көрсетіледі.