
Бүгін Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы жұмыс сапары барысында «Балқаш ЖЭО» нысанында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Жылу электр орталығы – қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандардың бірі. Сондықтан мұндағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс.
Нысанды аралау барысында №5 қазандықтың құрылыс жұмыстарының орындалу барысымен танысып, жөндеу науқанының қазіргі кезеңін қарап шықты. Жауапты мамандардың қатысуымен дайындық қарқыны, жоспарланған жұмыстардың орындалуы және алдағы міндеттер талқыланды.
Тұрғындардың қыс мезгілін алаңсыз өткізуі үшін барлық дайындық жұмыстары алдын ала және жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Бұл мәселеде формалды көзқарасқа жол берілмейді.
Жылыту маусымына дайындықтың әр кезеңі, жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуы әкімнің жеке бақылауында болады.