Балқаш көпсалалы ауруханасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қайтарылған активтер есебінен жүргізілген жоба аясында медициналық мекеме заманауи жабдықтармен толықтырылып, пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасы артты.
Ауруханада жаңа қабылдау бөлімшесі, заманауи операциялық бөлмелер ашылып, магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, ангиограф секілді жоғары технологиялық медициналық жабдықтар орнатылды.
Бүгінде ауруханада 900-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Медициналық мекеме Балқаш қаласы мен жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетіп, білікті мамандармен толықтырылуда.
Сонымен қатар, Торанғалық және Шұбартүбек курорттық кенттеріндегі медициналық пункттер тұрғындар мен туристерге қажетті медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда.