
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Балқашта кәсіпкерлер қауымдастығы экологиялық бастаманы қолдап, кең ауқымды тазалық шарасын өткізді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстаным – таза Атамекенім» акциясы шеңберінде өтті. Ұйымдастырушылар қатарында Балқаш қаласының Кәсіпкерлер кеңесі мен Кәсіпкерлер палатасының филиалы болды.
Экологиялық акция Қазбекова 5 және 9 үйлерінің ортасында орналасқан шағын сквер аумағында ұйымдастырылды. Тазалық шарасына 500-ге жуық кәсіпкер, мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызды, сондай-ақ ағаштар мен жол жиегін әктеу жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар үшін ауыз су мен демалыс аймақтары ұйымдастырылды.
Тазалық акциясы жоғары белсенділікпен өтіп, қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігі мен туған жерге деген жанашырлығын тағы бір мәрте көрсетті.