
Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі азаматтардың еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі қаржылық тұрақтылығын іске асыруда шешуші рөл атқарады. Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық және ынтымақты (мемлекет есебінен қаржыландырылатын), міндетті және ерікті деңгейлерден (қолда бар зейнетақы жинақтары мен инвестициялық кіріс есебінен қамтамасыз етілетін) тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Базалық зейнетақы – зейнеткерлік жасқа толған кезде есептеледі және оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін – күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін (еңбек өтілі 10 жылға дейін болса), ең жоғары мөлшерін 2026 жылы 118% - ға дейін және 2027 жылдан бастап 120% - ға дейін (егер жалпы еңбек өтілі ≥ 34 жыл болса) жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда. Бұл ретте 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі тұрақты түрде аударылып отырған міндетті зейнетақы жарналарымен ғана расталады.
ҚОРЫТЫНДЫ: Тұрақты зейнетақы жарналары еңбек өтілін растап, базалық зейнетақы мөлшеріне әсер етеді.
Ынтымақты зейнетақы – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты айлық еңбек өтілі бар адамдарға төленеді. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі кез келген 3 жыл қатарынан орташа айлық табысқа байланысты. Ай сайынғы зейнетақы жарналарының мөлшері кірістің дәлелі болып табылады.
ҚОРЫТЫНДЫ: Тұрақты зейнетақы жарналары кірісті растап, ынтымақты зейнетақы есептеуге әсер етеді.
Жинақтаушы зейнетақы – жеке зейнетақы жинақтарынан төленеді, мөлшері жинақталған қаражат көлеміне байланысты: жинақ неғұрлым көп болса, төлем де соғұрлым қомақты болмақ.
Ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері бекітілген әдістемеге сәйкес есептеледі. 2021 жылдан бастап бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының төлем мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептеледі. Есептеу формуласы мынадай:
зейнетақы жинақтарының сомасы * 6,5% / 12 = бірінші жылдағы ай сайынғы төлем мөлшері.
Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемдері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі – 5%-ға ұлғайту жолымен айқындалады. Жинақтар зейнетақы шотында таусылғанға дейін төленеді.
ҚОРЫТЫНДЫ: төлемдердің сомасы мен ұзақтығы зейнетақы жинақтарының мөлшеріне тікелей байланысты.
Осылайша, жинақтаушы жүйеге қатысу зейнетақының жиынтық мөлшеріне әсер етеді. Ынтымақты құрамдауыштың қысқаруын және қазіргі жағдайларды ескерсек (демографиялық құрылымның өзгеруі, халықтың қартаюы, еңбек нарығының өзгеруі) жинақтаушы компоненттің мәні барған сайын артып келеді.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберінде Қазақстанда жарналардың мынадай түрлері жүзеге асырылады: міндетті (жұмыскердің жалақысының 10%, жұмыс беруші ай сайын аударады), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (зиянды және қауіпті кәсіптерде еңбек ететін жұмыскерлер табысының 5%, жұмыс беруші өз бюджетінен төлейді), сондай-ақ 2024 жылдан бастап 1975 жылы және одан кейін туған барлық жұмысшылар үшін аударылатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) (2024 жылы 1,5% – дан басталып, 2028 жылы 5% - ға дейін ұлғайтылады, 2026 жылы – 3,5%).
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚР жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық төлеуін ғана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін де реттейді.
Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолданатындар алған табыстарынан міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) дербес төлейді:
Осы АСР-ны қолданатын және қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан интернет-платформа операторы[1] МЗЖ және ЖМЗЖ-ны ұстап қалып, аударып отырады.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР үшін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері және ШФҚ үшін АСР стандартты және мыналарды құрайды:
Зейнетақы капиталын қалыптастырудың қосымша компоненті – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ). Сіз өзіңіздің жақындарыңыз үшін, ал жұмыс беруші өз қызметкерлерінің пайдасына ЕЗЖ аудара алады. Бұл ретте жүйелілік те маңызды, өйткені ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнеткерлік жасқа дейін – 50 жастан бастап алуға болады.
БЖЗҚ өз салымшыларына (алушыларына) өзінің жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының жай-күйін қадағалап отыруды, оның ішінде сіздің БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотыңызға зейнетақы жарналарының/ЕЗЖ-ның уақытылы аударылуын/түсуін ұдайы бақылап отыруға кеңес береміз. Өкінішке орай, жұмыс беруші өз міндеттемелерін толық орындамайтын немесе мүлде орындамайтын жағдайлар да кездеседі. Әлеуметтік кодексте жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу міндеті нақты айқындалғанын ескерген жөн. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы және толық төлеуін бақылау мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) жүктелген. Егер жұмыс беруші қызметкерге қатысты қандай да бір заң бұзушылыққа жол берсе, онда МКК-ға жүгіну қажет. Сондықтан, өз ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарыңның жай-күйін жүйелі түрде тексеру артық болмайды.
Өзінің зейнетақы шотын үнемі қадағалап отыру үшін неғұрлым жедел және ыңғайлы тәсіл – Қор сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы үзінді көшірме алу. Зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Үзінді көшірмеде салымшыға қажетті барлық ақпарат беріледі. Атап айтқанда, жинақтардың жалпы көлемі, оның ішінде жарналар түрлері бойынша жинақталған қаражат сомасы жеке көрсетіледі. Сондай-ақ, үзінді көшірмеден зейнетақы жарналарын қандай ұйым, қай уақытта аударғанын, сұралған кезеңдегі инвестициялық кірістің мөлшерін көруге болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтар үшін өте ыңғайлы.
Тұрақты жарналар жинақтау және олардың қаржылық болашағын жоспарлау әдетін қалыптастырады. Салымшыларға ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ болашақ төлемдердің деңгейін есептеуге және өзінің жинақтаушы стратегиясын түзетуге мүмкіндік беретін зейнетақы калькуляторы мен дербес зейнетақы жоспарының көмегімен қажетті зейнетақыны болжап, жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл құралдар БЖЗҚ сайтында және мобильді қосымшасында қолжетімді. Оларды пайдалану зейнетақы мөлшерін есептеуде ғана емес, сонымен қатар ағымдағы қаржылық мәселелерді шешуде де көмектеседі.
Зейнетақы жинақтары, ең алдымен, еңбек қызметі аяқталғаннан кейін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге арналғанын есте ұстаған жөн. Сондықтан зейнеткерлікке шыққан кезде жинақ мөлшері барынша жоғары болуын қамтамасыз етуге тырысқан жөн. Өзінің зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға белсенді және тұрақты қатысу – болашақта лайықты зейнетақымен қамсыздандырудың маңызды шарты.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.