
Балқаш қаласы әкімдігінде аппараттық жиын өтіп, онда 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, 2026 жылғы туристік маусымға дайындық және ағымдағы жедел мәселелер қаралды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қалада негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5 пайыздан астамға артты. Ауыл шаруашылығында сүт пен жұмыртқа өндіру көлемі өсті, жылқы саны екі есеге жуық көбейді. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 50 пайызға ұлғайып, 18 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік салада қылмыс деңгейі 7 пайызға төмендеді, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 30 пайыздан астамға азайды. Өлім-жітім және нәресте өлімі көрсеткіштерінің төмендеуі тіркелді.
Аппараттық жиында туризмді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша қала аумағында 59 демалыс аймағы мен 18 қонақүй жұмыс істейді. 2025 жылы орналастыру нысандарының саны 25 пайызға артып, туристер саны 40 пайызға көбейді. Туристердің басым бөлігін ішкі туристер құрайды.
2026 жылғы туристік маусымға дайындық аясында жағалау аймағы мен қалалық жағажайды абаттандыру, әуежайды жаңғырту, Балқаш – Торанғалық магистральдық су құбырын салу жұмыстары жалғасуда. Жиында жағажайлардың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету, жағалауға еркін әрі қауіпсіз қолжетімділік, қауіпсіздік шараларын күшейту, құтқару және медициналық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Туристік маусымға дайындық тұрақты бақылауда болады.