
Бүгін елімізде энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтуде. Бұл сала мамандары қаланың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне күнделікті өз үлестерін қосып келеді.
Осы атаулы күнге орай Балқаш қаласында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бөлім басталар алдында энергетика және коммуналдық сала кәсіпорындарының өкілдері қысқаша баяндамалар жасап, атқарылған жұмыстар мен саланың ағымдағы көрсеткіштері туралы ақпарат ұсынды.
Негізгі мерекелік жиын М. Хамзин атындағы Мәдениет сарайында өтті. Іс-шара барысында Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев құттықтау сөз сөйлеп, энергетика саласының қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
Салтанатты жиын аясында марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар қызметкерлерге қала әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында коммуналдық салада үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлер «Жылдың үздік қызметкері» номинациясымен марапатталды.
Мерекелік іс-шара шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.