
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Балқаш қаласында оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне және сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыруына бағытталған Қосымша білім беру инновациялық орталығы өз жұмысын бастады.
Жаңа орталықта білім алушылар үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу кеңістіктері қарастырылған. Мұнда IT-кабинеттер, Hi-tech шеберханалары, коворкинг орталығы, физика және химия зертханалары, сондай-ақ өндірістік және лазерлік-гравюралық станоктар жұмыс істейді. Сыныптар арнайы бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған компьютерлермен, интерактивті және сенсорлық панельдермен, веб-камералармен және көпфункционалды құрылғылармен қамтамасыз етілген.
Инновациялық орталық қала үшін тарихи маңызы бар ғимаратта орналасқан. Бұл нысанда бұрын Қарағанды политехникалық институтының кешкі факультеті жұмыс істеп, өндіріс пен құрылыс салаларына қажетті мамандар даярланған. 2021 жылы ғимарат Балқаш қаласының білім бөліміне беріліп, 2023–2024 жылдары күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда ғимараттың төрт қабатының екеуі пайдалануға берілді.
Орталықтың басты артықшылығы — қолжетімділігі. Балқаш қаласының оқушылары үшін барлық үйірмелер мен секциялар тегін негізде жұмыс істейді.
Мекенжайы: Балқаш қаласы, Абай көшесі, 45
Үйірмелерге жазылу Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайы арқылы жүргізіледі.