2025 жылғы 1 тамыз 20 қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – аграрлық саладағы барлық меншік нысандарын қамтитын ауқымды іс-шара. Санақтың басты мақсаты – елдегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы шынайы әрі өзекті деректерді жинау.
Өсімдік шаруашылығымен, мал және балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары тамыз айы ішінде sanaq.gov.kz сайтында онлайн-форматта санақтан өтуге міндетті. Онлайн сауалнаманы толтыру үшін компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық үй шаруашылықтары онлайн санақтан өтуі тиіс. Егер олар сайтта сауалнама толтырмаса, үй-үйді аралайтын интервьюерлер (20 қыркүйек-20 қазан) сұрақтарына жауап беруі қажет.
Интернетке қосылмаған немесе компьютері жоқ азаматтар үшін аудандық және ауылдық әкімдіктерде өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, аумақтық статистика басқармаларына (аудандық статбөлімдерге) жүгініп, мамандардан көмек алуға болады.
Ауыл шаруашылығы санағы он жылда бір рет өткізіледі және тиімді аграрлық саясат қалыптастыруда, дұрыс шешім қабылдауда аса маңызды рөл атқарады. Баршаңызды жауапкершілік танытып, санаққа белсенді қатысуға шақырамыз.
Барлық сұрақтар бойынша 1446 нөміріне қоңырау шалуға болады (қоңырау тегін).
Санаққа қатысуыңыз – еліміздің ауыл шаруашылығының болашағына қосқан үлесіңіз екенін есте ұстаңыз!