Ақтоғай ауданында жаңа әкім тағайындалды

Ақтоғай ауданында жаңа әкім тағайындалды

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында әкім ауысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл лауазымға Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков тағайындалды.

 

Өңір басшысының орынбасары Бауыржан Асанов аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды.

 

Депутаттар оны мақұлдады.

 

– Руслан Айтыкенұлының мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар. Жинақталған тәжірибесі мен білімінің арқасында ол мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сәйкес жұмысты ұйымдастыра алады, – деді Бауыржан Асанов.

Руслан Кенжебеков – Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының тумасы. 1978 жылы туған.

2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Әр жылдары Абай ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің спорт бойынша бас маманы, Қарағанды облысы Әділет департаментінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бастығы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті Ішкі әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы, Теміртау қаласы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен құқық қорғау департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Алматы облысы бойынша тұтынушылары, ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының басшысы, Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурстармен жұмыс департаментінің директоры, ҚР премьер-министрі кеңсесінде бас кеңесші болған, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі болды.

Өткен жылдың тамыз айынан бастап осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің кеңесшісі болды.

Ауданның бұрынғы әкімі Салтанат Әбеуова жаңа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.