Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі туралы

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі туралы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді, осы күннен бастап «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының күші жойылды.
ӘРПК мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді (ӘРПК-нің 3-бабы 1-бөлігі).
Сонымен қатар, ӘРПК белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы, Жоғары Сот Кеңесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында және т.б. заңнамалармен реттелетін қатынастарға қолданылмайды (ӘРПК-нің 3-бабы 4-бөлігі).
ӘРПК-ге сәйкес, жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым болып табылады (ӘРПК 4-бабы 1-бөлігі 16-тармағы).
Әкімшілік орган, лауазымды адам - жолданымдарды қабылдайды және тіркейді, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдеседі, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік береді (ӘРПК 20-бабы 1-бөлігі 1-тармағы).
Әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды бір немесе бірнеше тұлға (ұжымдық жолданым) бере алады (ӘРПК 22-бабы 1-бөлігі).
Жаңа Заңға сәйкес, әкімшілік акт дегеніміз – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім (ӘРПК 4-бабы 1-бөлігі 4-тармағы).
Әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды (ӘРПК-нің 71-бабы).
ӘРПК-де процестік мерзімдер айқындалған.
Атап айтқанда, әкiмшiлiк рәсімге қатысушыға әкімшілік іс қаралғаннан кейін өтінішхат мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкiмшiлiк іс материалдарымен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс (ӘРПК-нің 75-бабы 1- бөлігі).
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды (ӘРПК 76-бабы 1-бөлігі).
Бұған қоса, ӘРПК сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды (ӘРПК-нің 99-бабы).
Жаңа Заңда прокурор өкілеттігі де айқындалған, әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тікелей де, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да жүзеге асырады (ӘРПК-нің 31-бабы 1-бөлігі).
Сонымен бірге, прокурор өзіне заңда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында салықтық, кедендік, бюджеттік қатынастардан, табиғи ресурстарды пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану және молайту саласындағы қатынастардан туындайтын әкімшілік істер бойынша, мемлекеттен және мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы әкімшілік істер бойынша қорытынды беру үшін, сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғап, сондай-ақ әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін өзі дербес қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамдардың немесе шектелмеген тұлғалар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеуі мүмкін болғанда не прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда процеске кіріседі (ӘРПК-нің 31-бабы 2-бөлігі).


Ақтоғай ауданының прокуратурасы