«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Онда отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Бүгінде кіндік кескен жер, туған ауылының көркейіп дамуы жолында төл перзенттерінің атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлық. Сондай-ақ, кейінгі жылдары ауданымыздағы кәсіпорындарда өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Қолға алынған игі бастамларға демеушілік танытып жүрген аудандағы іргелі кәсіпорынның бірі «РИО ТИНТО ЭКСПЛОРЭЙШН ҚАЗАҚСТАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 20 қазан күні аталмыш ЖШС-нің геологиялық жұмыстардың жетекшісі және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші Александр Прушинский ауданға арнайы іс сапармен келді. Аудан әкімі Салтанат Әбеуова серіктестік өкілін аудан ахуалымен таныстырды. Аудандық ауруханаға бас сұққан А.Прушинский жаңадан келген жас дәрігерлермен кездесіп, оларға тұрмыстық техникаларын (тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш) сыйға тартты. Аталған серіктестік өкіліне аймақтың денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, жас мамандардың жай-күйімен таныстырған ауданның орталық ауруханасының басшысы Елдос Джумажанов кәсіпорынның көрсетіп жатқан көмек-қолдауына ұжым атынан алғысын білдірді. Өркенді өңірдегі өрелі істерді бағамдаған А.Прушинский алдағы уақытта кәсіпорынның жаңа жобаларға демеушілік танытатынын жеткізді.