Конституцияның 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы.

Конституцияның 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы.

Конституцияның 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.

         Мемлекетіміздің аумағында жоғарыда көрсетілген азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған қоғамдық қатынастар 2020 жылы 25 мамырда қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңымен (бұдан әрі-Заң) реттеледі.

         Осы заңда бейбіт жиналыстың және оның нысандарының ұғымдары көрсетілген.

         Бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара.

         Пикеттеу – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының бір азаматының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта болуы, бұл қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдар пайдаланылмай, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

         Жиналыс – қоғамдық маңызы бар мәселелерді және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерін (әрекетсіздігін) ұжымдық жария талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы.

         Митинг – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта бірлесіп болуы, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

         Шеру – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлік құралдарын пайдаланбай белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтуі, бұл дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

Пикеттеу, жиналыс, митинг нысанында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны (жиналыстың мақсаты, нысаны, уақыты, орны, ұйымдастырушылар мен қатысушылар туралы және т.б. мәліметтер көрсетіледі) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді (Заңның 10-бабы).   

Бұл хабарлама жергілікті атқарушы органмен оның тіркелген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қаралады. Көрсетілген мерзім өткен соң жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы (Заңның 11-бабы).

Демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыстар өткізуге келісуді алу туралы өтінішті (бейбіт жиналыстың мақсаты, нысаны, уақыты, орны, жүру маршруты, қатысушылар саны, ұйымдастырушылар туралы және т.б. мәліметтер көрсетіледі) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді. Өтініш оның тіркелген күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қаралады (Заңның 12,13-баптары).

Бейбіт жиналыстар республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы айқындаған арнайы орындардарда ұйымдастырылады және өткізіледі.

Сол арада, аталған заңнама талаптарын бұза отырып, бейбіт жиналыстарды өткізу және оларға қатысу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабында көзделген, әкімшілік жазаларының бірі жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу болып табылатын, жауаптылыққа әкеп соқтырады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 400-бабына сәйкес егер осы іс-әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулi зиян келтiрсе, екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.