«Зайырлы мемлекет – зайырлы қоғам»

«Зайырлы мемлекет – зайырлы қоғам»

Қазақстан зайырлы мемлекет болғаннан соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Жалпы, құқықтық мемлекет – конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет екені белгілі. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген істер атқарды, ал бүгінде зайырлылықты күннен күнге нығайту үстінде. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан ары дамытуға әзір екендіктерін білдірді.

Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Конституцияның 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады.

Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.

Зайырлы мемлекеттің белгілері:

  1. Діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі.
  2. Діннің саясаттан ажыратылуы.
  3. Дін әр, азаматтың жеке ісі болып есептеледі.
  4. Мемлекеттік білім-беру жүйесі мен тәлім-тәрбие беру зайырлы сипатта.
  5. Діни наным-сенімнің көксейтіні — адамның жеке өмірінің бостандығы.

Зайырлы әдеп негіздері. Әдеп деген ұғым философиясында XX ғасырдың екінші жартысынан қолданысқа түсе бастады. Кеңестік қоғамда «Әдеп» деген пән болған. Онда гуманизм, адамгершілік басты ұғымдары: ар, намыс, ұят, парыз, махаббат, ерлік ұғымдары т.б. қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары делінген.

Зайырлылық - сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты — ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

 

Ақтоғай аудандық мешіттің бас имамы,

аудандық дін мәселелері бойынша ақпараттық

-түсіндіру тобының мүшесі А.Рысбай