Агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда

Агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда

Басты мақсат облыстың жер аумағы, табиғи – климаттық жағдайын пайдалана отырып, Елбасы мен Мемлекет Басшысының еңбек өнімділігін – 2,5 есеге, өңделген өнім экспортын – 2,0 есеге арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Өткен жылғы карантиндік шараларға қарамастан, облысымыздың шаруашылық құрылымдары жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады.

 

Жалпы, өткен жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,7%-ға артып, 398,7 млрд. теңгені құрады.

Нұра, Осакаров және Бұқар жырау аудандары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Әсіресе, өсімдік шаруашылығы саласында өсім жоғары болды. Оған ауа райының қолайлы болуы, жоғары репродукциялы тұқым сорттарын, минералдық тыңайтқыштарды қолдану, жаңа технологияларды енгізу және агротехникалық шараларды жүргізу арқылы қол жеткізілді. Нәтижесінде, орташа өнімділік гектарына 11,3 центнерді құрап, 1 млн. тоннадан (1013 мың тонна) астам астық бастырылды. Бұл 2019 жылғы деңгейден 22,6%-ға артық. Сонымен бірге, картоп және көкөніс көлемі де артты.

Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарының диқандары гектарынан 11,6 -12,0 центнерден өнім жинап жоғары көрсеткіштерге ие болды.

Мал шаруашылығы саласында мал басы мен мал шаруашылығының өнім өндіріс көлемі тұрақты өсуде. Атап айтсақ, жыл қорытындысы бойынша малдың барлық түрінен өсуі қамтамасыз етілді. Оған өз төлі есебінен өсумен бірге, асыл тұқымды малдарды сатып алу жұмыстары ықпал етті.

Сонымен бірге 151,1 мың тонна ет, 503,0 мың тонна сүт және 664,3 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсу көрсеткіштері Бұқар Жырау, Нұра, Шет және Жаңаарқа аудандарында жоғары.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының өндіріс көлемдері де ұлғаюда. Қайта өңдеу кәсіпорындары жаңа талаптарға сай жаңғырту жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 14%-ға өсіп, 138 млрд. теңгені құрады.

Осы қарқын ағымдағы жылы да жалғасады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласының негізгі индикаторы, еңбек өнімділігін 2021 жылы 17,5% өсіру және өңделген өнім экспортының көлемін 120,1%-ға ұлғайтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады .

Ауыл шаруашылығының өнім өндіруді 6,5% арттырып, жалпы өнімі көлемін 429,0 млрд. теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

 

Өсімдік шаруашылығын дамыту жоспарлануда

Өсімдік шаруашылығы бойынша өсім 9% көлемінде жоспарлануда. Бұл көрсеткішке ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын ұлғайту және оның түсімін арттыру арқылы қол жеткізілетін болады.

Егістік алқаптарын әртараптандыру есебінен ауыл шаруашылығы дақылдары егістік көлемін 42,9 мың гектарға, 1 060,6 мың гектарға ұлғайтып, оның ішінде дәнді дақылдардың егістік алқабын 940 мың гектарға, сонымен бірге картоп, көкөніс, майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөптер алқаптарын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Дәнді дақылдардың егіс алқабы көлемін Осакаров ауданы 374 мың, Нұра ауданы 278 мың, Бұқар жырау ауданы 147 мың гектарға жеткізуді жоспарлауда.

Межелеген егіс алқабына қажетті 105,8 мың тонна тұқым құйылды, оның ішінде 9 473 тонна элиталық тұқымдар.

Минералды тыңайтқыштарды енгізу, егістік алқабын ұлғайту бойынша былтырғы жылы қол жеткізген көрсеткіштерді жалғастырып, 237,8 мың гектарға жеткізу немесе 27%-ға (50,1 мың га) ұлғайту көзделіп отыр.

Осы мақсатта Осакаров ауданына қарасты «Рассвет» ЖШС сұйық минералды тыңайтқыштар зауытының өнімі де пайдаланылатын болады.

Ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту жұмысы жалғасын табады. Осы жылы 1300 бірлік техника сатып алу жоспарлануда..

Нақты егіншілік элементтерін енгізу жұмысын бастаған шаруашылықтар қатары өсетін болады. Заманауи техникалары бар, цифрландыру технологиясына бейімделген шаруашылықтарда Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС және Осакаров ауданының «Найдоровское» ЖШС тәжірибесін пайдаланып, жалпы алаңы 19,0 мың гектар алқапқа нақты егіншілік технологиялары енгізіледі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде алқаптарды цифрландыру жұмыстары жалғастырылып, жайылым және шабындық алқаптарының электрондық карталары толық рәсімделеді. Субсидия егіс алқаптары цифрланған шаруашылықтарға ғана төленеді.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттырып, тұрақты өнім алу мақсатында суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жалғастырылады. Ағымдағы жылы суармалы жерлер алқабы 668 гектарға ұлғайтылып, 22 мың гектарға жеткізу жоспары бар.

Өткен жылы облысымызда ең өзекті мәселе, тозығы жеткен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Пилоттық жоба ретінде Бұқар жырау ауданының 4 елді мекенінде 749 гектер тозығы жеткен жайылымдық алқап қалпына келтірілді. Аталған жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын табады деп күтілуде.

 

Мал шаруашылығын маңызды шаралар күтіп тұр

Мал шаруашылығы бойынша өсу қарқынын ұлғайтып, оның өндірілетін жалпы өнім көлемін 4% өсіру межеленуде. Бұл көрсеткіш негізінен мал басын, оның ішінде ІҚМ басын 4,8%-ға (616,0 мың басқа дейін), қой-ешкі – 2,8% (977,5 мың басқа дейін), жылқы – 9% (417,3 мың басқа дейін), шошқа – 2,5% (79,5 мың басқа дейін), құс – 2,7%-ға (3 323,9 мың басқа дейін) арттыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Мал басы өз төлі есебінен өсірумен қатар «Сыбаға» бағдарламасы аясында ірі қара, қой сатып алу арқылы көбейту межеленуде. Жыл ішінде 10 бас ІҚМ және 20,0 мың бас қой малын сатып алу жоспарлануда. Осы мақсатта несие беру және субсидия төлеуге қажетті қаражат қарастырылған.

Дәстүрлі қой шаруашылығын дамыту басым бағытта жүргізілуде. Өткен жылы, облыс шаруашылық құрылымдары қой-ешкі басын 3,8%-ға өсіруге қол жеткізді. Бұған, қой шаруашылықтарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау шаралары септігін тигізуде.

«Қазақ СТЕП ШЕП» ЖШС Ақтоғай және Шет аудандарында 500 мың басқа арналған қой мегафермасын құру инвестициялық жобасы қолға алынды. Өткен жылы Ақтоғай ауданында 2 қой фермасы салынып,1200 бас аналық қой сатып алынса, ағымдағы жылы осы жоба бойынша 12 қой фермасын салып, 10800 бас сатып алу жоспарлануда.  

Шалғайдағы жайылымдарды суландыру бағдарламасы аясында облыс бойынша 68 құдық, 1260 баламалы электр жарығы қуат көзі панельдері мен жабдықтары орнатылып, тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілді. Құдық қазу жұмысы жалғасын табады.

Мал шаруашылығының өнім көлемі мен сапасы, малдың тұқымдық асылдандыру жұмыстарына тікелей байланысты екені баршамызға аян. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, асыл тұқымды мал сатып алу және түрлендіру жұмыстарын жүргізе отырып, асыл тұқымды малдың үлес салмағын ірі қара бойынша – 8,5%, қой – 6,0%-ға жеткізіп, 160,4 мың тонна ет (өсім – 5,6%), 523,4 мың тонна сүт (өсім – 4,1%) және 699,1 млн. дана жұмыртқа (өсім – 4,0%) өндіру жоспары тұр.

Осы көрсеткіштерге қол жеткізудің негізі болып табылатын мал азығына көңіл бөлінуде.

Ағымдағы жылы облыс бойынша 2,1 млн. тоннадан астам шөп, 22,5 мың тонна пішендеме, 12,6 мың тонна сүрлем дайындау жоспары тұр.

Биыл мал азығының құнын арзандатуды субсидиялау қарастырылуда. Қаражат көлемі 714,0 млн. теңгені құрайды.

 

Ауыр шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқыны артады

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша жұмыс импортты алмастыру және өңделген өнім экспортының үлесін арттыру мақсатында жүргізілетін болады. Бұл көрсеткіштерге кәсіпорындардың жүктемелік деңгейін арттыруға ескірген жабдықтарды ауыстыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және жаңа өндірістер құру арқылы қол жеткізіледі. Ағымдағы жылы «Евразиан Фудс» АҚ «Қарағанды мелькомбинаты» ЖШС, «Нәтиже Сүт Фабрикасы», ЖШС  «Қарағанды – Нан Корпорациясы» ЖШС өндірісті жаңғырту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі 7,4% өсіп, 669,1 мың тоннаға жеткізіледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 65,5 млн. АҚШ долларына жеткізу межеленуде, оның ішінде өңделген өнім экспорты 12,5% өсіп, 47,8 млн. АҚШ долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі инвестициялық жобаларды да жүзеге асыруға байланысты.  Облыста агроөнеркәсіп кешенінде 36 инвестициялық жоба бар. Оның ағымдағы жылы 20 -сы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Олардың ішінде, ірі 1500 басқа арналған 3 тауарлы-сүт фермалары («Астра Агро ЛТД» ЖШС, «Салтанат» ЖШС, «Шанс» ШҚ) және қуаттылығы жылына 110 тонналық құс фермасын («Хусаинов» ЖК) атап өтуге болады.

Жалпы, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына тартылған инвестициялар 35,4% -ға ұлғайып, 27,9 млрд. теңгені құраса, осы жылы 31,4 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде.

Өндіріске инвестиция тарту негізінен шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен немесе несие көздері арқылы жүзеге асырылуда.

«КазАгро» қаржы институттары арқылы тауар өндірушілерге 22,4 млрд. теңге, арзандатылған несие қарастырылып отыр.

Агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда мемлекеттік қолдау шаралардың маңызы ерекше. Өткен жылы 6855 шаруашылыққа 19,7 млрд. теңге субсидия төленсе, 2021 жылға 15,9 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылды. Алдағы уақытта субсидия төлеуге қарастырылған қаржы көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргізілетін болады.

Облыс тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтдың маңызы өте зор. Ішкі нарықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігін және олардың бағаларының негізсіз өсуін болдырмау мақсатында тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жұмысы жүргізілуде.

Өткен жылы облысымыздың ірі шаруашылықтарының қатысуымен бидайдың резервтік және картоп пен көкөністің тұрақты қорлары құрылды. Бұл облыста бағаның тұрақты болуына өз әсерін тигізеді.

Сонымен бірге облысымыздың 4 ауданының шаруашылығы Елорда азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 2020 жылы Елордаға 121,0 мың тонна өнім жеткізілді, 2021 жылы 123,0 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілетін болады.

Ағымдағы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бес жылға арналған жаңа ұлттық жобасын әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Саланы дамытудың жаңа стратегиясы өңірдің ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан фермерлер Қауымдастығы филиалының алаңдарында талқылануда.

Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндеттер қойды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2021 жылға белгіленген кешенді шараларды орындауға облысымызда толық мүмкіндік бар. Ол үшін жер ресурстары, инновациялық технология, аграрлық ғылымның жетістіктерін және мемлекеттік қолдау шаралары пайдалылады.

 

Сағынжан АПАҚАШОВ,

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

басқармасының басшысы.