Егін жинау науқаны

Егін жинау науқаны

Қарағанды облысында биылғы егін жинау науқаны аптап ыстыққа байланысты әдеттегіден ерте басталды. Қазір шаруаларға өнімнің шамамен 30 пайызын жинау қалды.

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға да басымдық берілуде. Майлы дақылдардың алқабы төрт есеге ұлғайып, 114 мың гектарға жетті. Сонымен қатар облыста 13 мың гектардан астам жерге картоп пен көкөніс егілген.

Егін жинау жұмыстарына екі мыңға жуық астық жинайтын комбайн, сондай-ақ картоп пен көкөніс жинауға арналған арнайы техника жұмылдырылған. Шаруаларға жеңілдетілген дизель отыны беріліп, «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданындағы бірқатар шаруашылықтың жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.

Министр «Асхат» шаруа қожалығында өсімдік шаруашылығының дамуын көрді. Шаруашылық суармалы жер көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Алдағы жоспардың бірі — 1500 басқа арналған сүт-тауар фермасын іске қосу. Сонымен қатар келесі жылы 2 мың гектар алқапқа күнбағыс егу жоспарланып отыр.

Қысқа дайындық жұмыстары да жалғасуда. Мал азығының қоры жасақталып, сенаж бен көпжылдық шөптер дайындалуда. Облыста жиналған өнімді сақтауға арналған астық қабылдау кәсіпорындары, астық, картоп және көкөніс қоймалары бар.