Қарағанды облысында егін жинау науқаны басталды

Қарағанды облысында егін жинау науқаны басталды

Биыл ауа райының ыстығына байланысты кейбір шаруашылықтар егін жинауды әдеттегіден ертерек бастады. Қазір жұмыстар Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда диқандар 37 мың тонна астық жинап, 3,7 мың тонна майлы дақыл бастырды. Негізгі егін жинау науқаны қыркүйек айының алғашқы күндерінде басталады.

Жалпы облыста шамамен 1 миллион гектар дәнді дақыл, 114 мың гектар майлы дақыл және 13 мың гектардан астам картоп пен көкөніс алқабы жиналуы тиіс.

Науқанға қажетті техника дайын. Шаруашылықтарда 2 мыңға жуық астық жинайтын комбайн, сондай-ақ картоп жинауға арналған техника жұмылдырылады. Өнімді сақтау үшін де қажетті инфрақұрылым әзірленуде.

Абай ауданында ерте пісетін картопты жинау басталды. Биыл мұнда шамамен 134 мың тонна картоп алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті шаруалар 33 мың тоннаға жуық көкөніс жинауды көздеп отыр.

Қысқы кезеңге мал азығын дайындау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұған қоса, шаруалар келесі жылғы егіс науқанына дайындалып, тұқым қорын қалыптастырып, минералды тыңайтқыштар сатып алуды жоспарлап отыр.