Қарағандыда ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Қарағандыда ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Қарағанды облысында «Топырақтың құнарсыздануы (деградациясы) және оны қалпына келтіру жолдары: ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны «Жерді зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік институты» Қарағанды облыстық филиалы мен облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ұйымдастырды.

Басты мақсат – топырақ тозуының алдын алу және оны қалпына келтірудің тиімді тәсілдерін айқындау, жер ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ Қарағанды облысының табиғи-климаттық жағдайына бейімделген ғылыми және инновациялық шешімдерді әзірлеу.

Сонымен қатар, 2024–2030 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі Жол картасында көзделген шараларды іске асыру.

Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, топырақ-табиғаттың тірегі, экожүйенің өзегі. Алайда, климаттың өзгеруі мен жерді тиімсіз пайдалану топырақтың деградациясына соқтырып, экологиялық және экономикалық тұрғыдан өткір мәселеге айналды. Сондықтан жерді сақтау, оның құнарлылығын арттыру тек ауыл шаруашылығы ғана емес, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін де маңызды фактор саналады.

Қатысушылардың пікірінше, осындай өзекті тақырыптарды ортаға салу өңірдің ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан орнықты дамытуға, жер ресурстарын оңтайлы басқаруға және олардың нәрлілігін сақтауға тың серпін береді.