
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық өнер күніне орай Абай ауданының Қарабас кентіндегі №15 жалпы білім беретін мектеп оқушыларына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында домбыраның жасалу технологиясы және домбырада ойнау бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Шара барысында оқушылар қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық аспабы – домбыраның жасалу ерекшеліктерімен танысты. Домбыра жасаушы шебер Амантай Кәкішұлы өз тәжірибесімен бөлісіп:
«Домбыра жасаудағы мақсатым – сапалы ұлттық аспап дайындау. Өзім домбырашы болғандықтан, оның үнін бірден ажыратамын. Сондықтан домбыра жасау кезінде дыбысына ерекше мән беремін», – деді.
Шеберлік сағаты барысында оқушылар тек аспап жасаудың қыр-сырын біліп қана қоймай, домбырада ойнаудың негізгі тәсілдерін де меңгерді.
Домбыра тарту арқылы жас ұрпақ сахна мәдениетін игеріп, өзіне деген сенімділігін арттырады, эстетикалық талғамы қалыптасады. Сонымен қатар, ата-баба аманатына деген құрмет сезімі оянады.