«АТОМЭКСПО» XII Халықаралық форумы аясында 2022 жылғы 21 қарашада Сочи қаласында (Ресей Федерациясы) Олимпиадалық паркінің Бас медиа орталығының «Сириус» ғылым және өнер паркінде «Ядролық мұра объектілері: тәжірибе және ынтымақтастық перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті.
Отырысты ядролық мұраны жою мәселелері бойынша ресейлік атом саласының интеграторы, сондай-ақ пайдаланылып болған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық және радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымы болып табылатын «ТВЭЛ» Росатом Отын компаниясы ұйымдастырды. Қатысушылар ТМД елдеріндегі ядролық мұраны жоюдың өзекті жобаларын, заманауи технологиялар мен ынтымақтастықтың бірлескен бағдарламасын талқылады.
Жоғарыда аталған ісшараға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Серғазин Ғұмар Екпінұлы қатысты. Қазақстан Республикасының аумағында бірден бірнеше үлгідегі мұра объектілері орналасқандығы атап өтілді. Олардың ішінде 1998 жылы тоқтатылған әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды БН-350 энергетикалық реакторы ерекше. Қазіргі уақытта бұл әлемдегі жалғыз жылдам реакторды шығару жобасы. Ресейлік ұйымдармен бірлесіп сұйық қалдықтармен жұмыс істеу және натрийді жою технологияларын зерттеу жұмыстары жүргізілді, пайдаланудан шығару жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Сонымен қатар Семей сынақ полигоны аумағын және уран мұрасы объектілерін оңалту ел үшін өзекті жобалар болып табылады.
«АТОМЭКСПО» Халықаралық форумы – атом саласының қазіргі жай-күйі талқыланатын, оны одан әрі дамыту үрдістері қалыптасатын ірі көрме және іскерлік алаң екенін атап өту маңызды. XII Форумға әлемдік атом саласының негізгі компанияларының, мемлекеттік құрылымдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ жетекші сарапшылар қатысты.