АҚШ Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің қатерді азайту жөніндегі агенттігі делегациясының өкілдерімен кеңес.

АҚШ Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің қатерді азайту жөніндегі агенттігі делегациясының өкілдерімен кеңес.

2021 жылғы 07-12 қараша аралығында АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп қатерді азайту агенттігі  (бұдан әрі - АҚШ ҚМ ҚҚАА) делегациясының Қазақстанда сапары өтті. Сапар «Жаһандық ядролық физикалық қауіпсіздік» бірлескен ынтымақтастық бағдарламасы аясында өтті. Сапар барысында делегация Қазақстанның ядролық нысандарына және ҚР Ұлттық ұланының ядролық нысандарды күзетуге жауапты әскери бөлімдеріне барды.

Сапар шеңберінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті жоба басшысы Дэвид Фишман мырзаның басшылығымен американдық делегация өкілдерімен кеңес өткізді.

Кеңеске АҚШ ҚМ ҚҚАА, АҚШ Энергетика министрлігінің, ЮРС Федерал Сервисез мердігерлік компаниясының өкілдері қатысты.

Кеңесте Қазақстанның ядролық нысандарының физикалық қорғау жүйесін нығайту жөніндегі келісілген іс-шараларды орындау, ядролық материалдарды есепке алу жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстардың жай-күйі, сондай-ақ ядролық объектілер персоналының біліктілігін арттыру үшін оқу курстарын өткізу мәселелері талқыланды.

АҚШ ҚМ ҚҚАА-мен белсенді ынтымақтастық 2014 жылдан бері жүргізіліп жатыр және Қазақстандағы ядролық физикалық қауіпсіздік жүйесін арттыру мен нығайтуға үлкен үлес қосып келеді.