
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және жөндеу науқанының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында жылу және электр энергетикасы нысандарын аралады.
Абай облысында төраға орынбасары Семей қаласындағы «Теплокоммунэнерго» МКК нысандарын, оның ішінде ЖЭО-1, жылу көздері мен жылу желілерін, сондай-ақ «Шүлбі ГЭС» ЖШС-ін аралады.
«Теплокоммунэнерго» МКК-де жылыту маусымына дайындық шеңберінде 13 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған, оның ішінде 4 қазандық агрегатының жөндеуі аяқталған. Сонымен қатар, 34,6 км жылу желілерін жөндеу көзделген, бүгінгі таңда оның 12,7 км-і орындалды. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 55,6%-дан 52,3%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
«Шүлбі ГЭС» ЖШС-де №1 гидроагрегатқа күрделі жөндеу, сондай-ақ Т-3 күштік трансформаторы мен қуаты 250 МВА болатын ТСН-2 меншікті қажеттіліктер трансформаторына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Станция басшылығы жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес орындалуы, қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі және жұмыстарды аяқтау мерзімдері туралы баяндады.
Шығыс Қазақстан облысында төраға орынбасары «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Риддер ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС және «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында болып, нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС-де №10 қазандық агрегаты мен №10 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жалғасуда. №6 турбоагрегатқа күрделі жөндеу аяқталды. Сондай-ақ бекітілген кестеге сәйкес №14 қазандық агрегаты мен №8 турбоагрегатқа күрделі жөндеуге дайындық жүргізілуде.
«Риддер ЖЭО» ЖШС-де №5 және №6 қазандық агрегаттарына, сондай-ақ №1 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жалғасуда. «Согра ЖЭО» ЖШС-де №1 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілуде, орындалу деңгейі – 83%. «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында №1 және №4 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жалғасуда.
Жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының жылу желілерін жаңғырту мәселелері де қаралды. 2026 жылы өңірде 40 км жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Бүгінгі таңда 13,5 км жылу желілері жөнделді.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Төраға орынбасары жөндеу науқанының бекітілген кестелерін қатаң сақтауды, орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарының энергетика нысандарын 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.