
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті Төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің энергетика нысандарын 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңеске өңірдегі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиын барысында жөндеу науқанының іске асырылу барысы, энергетикалық инфрақұрылымның қысқы жүктемелерге дайындығы, жоспарланған іс-шаралардың орындалуы, сондай-ақ тұтынушыларды сенімді әрі үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында облыста 328,7 км электр беру желілерін, сондай-ақ 19 қосалқы станция мен 70 тарату пункттері және трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 70,8 км электр беру желісі жөнделді, бұл жылдық жоспардың 21,5%-ын құрайды.
Сондай-ақ өңірде жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 12,4 км жылу желісін жаңарту көзделген, оның ішінде бүгінгі күні 3,4 км немесе жоспардың 27%-ы орындалды. Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында 8,1 км жылу желісін реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылуда.
«Жайықжылуқуат» АҚ жылу электр орталығында жөндеу науқаны аясында 1 газ турбиналық қондырғы мен 1 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда газ турбиналық қондырғының жөндеу жұмыстары аяқталды, ал №3 қазандықтағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Кеңес қорытындысы бойынша жөндеу іс-шараларын белгіленген мерзімде орындауды, жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды және алдағы жылыту маусымында энергетикалық нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.