
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті Төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің негізгі энергетикалық инфрақұрылым нысандарын аралады.
Сапар барысында электр және жылу энергетикасы нысандарындағы жөндеу науқанының жүргізілуі мен оларды 2026–2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығында (ЖЭО-5) қазандық және турбиналық цехтар, химиялық су дайындау учаскесі мен отын шаруашылығы қаралды. Кәсіпорын басшылығы жөндеу жұмыстарының барысы, негізгі жабдықтардың техникалық жай-күйі және алдағы жылыту маусымынан сенімді өтуге бағытталған іс-шаралар туралы ақпарат ұсынды.
Комитет төрағасының орынбасары «KEGOC» АҚ-ның «Оңтүстік жүйеаралық электр желілері» филиалына қарасты 220/110/10 кВ «Орталық» қосалқы станциясына және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 110/10 кВ «Яссы» қосалқы станциясына барып, жабдықтардың техникалық жағдайы, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелерден өтуге дайындық шараларымен танысты.
2026 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС –де 110/35 кВ кернеулі әуе электр беру желілерінің 340,37 шақырымын, 6/10 кВ желілерінің 213,661 шақырымын және 0,4 кВ желілерінің 229,848 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарланған. Сонымен қатар, 35–110 кВ кернеулі 30 қосалқы станцияны және 10/0,4 кВ кернеулі 219 кешенді трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу көзделген.
Жұмыс сапары аясында Жалғас Шөгелбаев күштік трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтарын өндіретін отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – Кентау трансформатор зауыты АҚ-да болды. Зауыт өкілдері оны өндірістік қуаттармен, шығарылатын өнім түрлерімен және жабдықтарды дайындаудың технологиялық циклімен таныстырды. Цехтар мен дайын өнім қоймасын аралау барысында өнім сапасы мәселелеріне және кәсіпорынның саланың трансформаторлық жабдықтарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету, күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бақылауды күшейту және Түркістан облысының энергетикалық инфрақұрылымының сенімділігін одан әрі арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.