Инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөніндегі «KEGOC» АҚ есебі тыңдалды

Инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөніндегі «KEGOC» АҚ есебі тыңдалды

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ-ның 2021–2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысы бойынша төртінші жыл қорытындысы тыңдалды.

Отырыс барысында негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезеңдерінің нәтижелері қаралды. Есепті кезеңде компания елдің электр желілік инфрақұрылымын дамыту және жаңғыртуға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды, оның ішінде компания филиалдарында кернеуі 220–500 кВ әуе электр жеткізу желілерін жаңарту жүргізілді.

Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту мақсатында 220 кВ «Орал – Правобережная – Индер – Қарабатан – Құлсары – Теңіз» желілері салынды және пайдалануға берілді.

500 кВ «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» қосалқы станцияларын реконструкциялау және кеңейту жұмыстары аяқталды, ұзындығы 300 км болатын 500 кВ «Шу – Жамбыл» және 175 км болатын «Жамбыл – Шымкент» желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Батыс Қазақстанның энергия жүйесін елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасы аясында 500 кВ «Өлке» және 220 кВ «Қарабатан» қосалқы станцияларын реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Аталған жобаларды іске асыру елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызды мәнге ие.

Тыңдау қорытындысы бойынша инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында мерзімдер мен сапа стандарттарын қатаң сақтау мақсатында мердігер ұйымдармен жұмысты күшейту жөнінде ұсынымдар берілді.