Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге жоспарлы дайындық басталды

Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге жоспарлы дайындық басталды

Шығыс Қазақстан облысында алдағы 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге жоспарлы дайындық жұмыстары басталды. Іс-шаралар қыс мезгілінде тұрғындарды жылу және электр энергиясымен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінгі таңда энергия өндіруші ұйымдарда 18 қазандық агрегаты, 12 турбоагрегат және 32 гидроагрегат жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 1 қазандық агрегаты мен 12 гидроагрегаттың жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Электр желілері бойынша 800 км-ден астам электр беру желілерін, сондай-ақ 57 қосалқы станцияны және 94 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу көзделген. Негізгі жөндеу науқанының басталуы ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған.

Жылумен жабдықтау саласында жұмыстар 4 жылу өндіруші ұйымда жүргізіліп, 13 қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған. Аудандық қазандықта екі қазандық агрегатына жөндеу жұмыстары басталды.

Сондай-ақ орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде 12,9 км жылу желілерін жөндеу қарастырылған.

Алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу мақсатында шамамен 457 мың тонна көмір дайындау жоспарланып отыр. Көмір қорын жинақтау жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталады.

Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, өңір тұрғындарын қыс мезгілінде жылу және электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жылыту маусымына дайындық Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің бақылауында.