
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті өңірдегі ірі энергия нысандары – ГРЭС-1, ЖЭО-2 және ПВС ЖЭО жөндеу бағдарламаларына мониторинг жүргізді.
Ағымдағы жылыту маусымының өту барысын және келесі кезеңге дайындық шараларын бақылау аясында аталған үш станциядағы жабдықтарды жөндеу жоспарлары жан-жақты қарастырылды.
Үш станция бойынша алдағы жылыту маусымына дайындыққа инвестициялардың жалпы көлемі 31 млрд теңгеден асады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 68%-ға жоғары.
Бағдарламалар негізгі өндіруші жабдықтарды күрделі және ағымдағы жөндеуді, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуді көздейді.
Ең ауқымды жұмыстар ПВС ЖЭО-да жоспарланған. Мұнда қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайып, 14,8 млрд теңгені құрайды. ЖЭО-2-ге 13 млрд теңге қарастырылған — бұл өткен жылдан 51%-ға артық. ГРЭС-1-ге 3,5 млрд теңге жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық.
Жөндеу бағдарламаларын қарау қорытындысы бойынша департамент бірқатар ұсыныстар әзірледі. Жұмыстарды жүргізу кестелерін қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Жөндеу науқанын уақтылы орындау алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды тұрақты және үздіксіз жылумен қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылады.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері энергия объектілерінің жылу беру маусымына дайындығы мен оның өтуіне мониторинг жүргізуді жалғастырады.