
АСТАНА, 9 ақпан – Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің басшылығы 2030 жылға дейін көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспар жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты.
Энергетика министрлігі дөңгелек үстел отырысында сарапшылық қауымдастыққа елдегі энергия тапшылығын шешуге және ескірген стансаларды жаңартуға бағытталған Ұлттық жоспардың жобасын таныстырды.
Жоспарға алты ірі энергетикалық нысанның құрылысы кіреді: Екібастұз МАЭС-3 (ГРЭС), сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған стансалары. Сонымен қатар, Екібастұз МАЭС-2 және Ақсу МАЭС сияқты жұмыс істеп тұрған стансаларды техникалық жаңғырту қарастырылған.
Талқылау барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның энергия көздері үшін жазғы кезеңде отын қорын жинақтау («жазғы жеткізу») тетігін іске асыру бастамасы қолдау тапты.
Ағымдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында бұл жұмыс Комитеттің бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылып, өзінің тиімділігін көрсетті. Жыл басындағы жағдай бойынша көмір қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артты. Қабылданған шаралар жылыту маусымы кезеңінде энергия кәсіпорындарын тұрақты отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Комитет Ұлттық жобаны пысықтау жұмыстарына қатысуды жалғастырады.