Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық және энергия кәсіпорындарының жөндеу науқанының жүргізілуін бақылау шеңберінде Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Ержан Ертаев «Kazakhmys Energy» ЖШС-ның Жезқазған ЖЭО, «Kazakhmys Distribution» ЖШС-ның Жылу энергетикасы кәсіпорны нысандарын аралап, энергетикалық жабдықтардың ағымдағы жай-күйімен және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ Жезқазған ЖЭО аймағындағы, қуаты 75 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Негізгі жабдықтарды жөндеу жұмыстарының көлемі мен мерзімдерінің бекітілген графикке сай орындалуына ерекше назар аударылды. Кездесулер барысында 2024–2025 жылғы жылыту маусымының өту мәселелері, технологиялық бұзушылық жағдайлары, сондай-ақ электр және жылу желілерін пайдаланудағы проблемалық мәселелер мен энергия жабдықтарының жұмысына байланысты ықтимал тәуекелдер талқыланды.