Жас кәсіпкерлердің жылдық 2,5 пайызбен несие алу мүмкіндігі бар

Жас кәсіпкерлердің жылдық 2,5 пайызбен несие алу мүмкіндігі бар

Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.
Несиелеу шарттары:

Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін
Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%
Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.
Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Толық кеңес алу үшін Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына қарасты Жас кәсіпкерлер клубының өкілі Темірлан Салиға 8 701 449 48 48 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Жастарды несиелеу бағдарламасын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырады.

Аграрлық несие корпорация жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты.

Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекенжайы agrocredit.kz сайтында көрсетілген.