Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасында мегаполис жастары арасында отандық авторлардың өлеңдерін үздік оқуға байқау жарияланды.
Қазақстан Республикасы күніне арналған әдеби байқауға қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждердің жастары, студенттері қатысады.
Байқау онлайн түрде өтеді. Шарттарға сәйкес, қатысуға ниет білдіргендер Instagram немесе TikTok әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында #АлматыРеспубликаКүні, #JasRespublikaKuny, #JasRespublika_Esse, #JasRespublika_olen хэштегтерімен 2022 жылдың 24 қазаны 24:00 дейін өлең оқылған бейнероликті жариялауы қажет. Бейнежазбаны жариялау кезінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының @jas.almaty ресми аккаунтын белгілеу қажет. Жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.
Бейнеролик 2 минуттан аспайтын отандық автордың патриоттық тақырыптағы өлеңін оқуын қамтуы керек. Байқауға қатысу кезінде қатысушының парақшасы ашық болуы керек, жеке куәлікке сәйкес профильде аты-жөні толық жазылуы қажет. Бейнероликтің астына сипаттама ретінде «неліктен қатысушы осы өлеңді таңдады?» деген сұраққа жауап беретін қысқа хабарлама қосуыңыз керек. Басқа конкурстарға қатысу үшін дайындалған материалдар, осы конкурсқа қатысуға рұқсат етілмейді.
Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтуде. Бірінші орынға – ноутбук, екінші орынға – смартфон, үшінші орынға – планшет.