
Алматы қаласында ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Болат Әбділмановпен жастардың шығармашылық кездесуі өтті. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың отандық мәдениет пен әдебиетке деген құрметін арттыру мақсатында өткізілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау, кітап оқу мәдениетін дамыту және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Абай мұрасы – білімді, жауапты әрі отаншыл ұрпақты қалыптастырудың берік рухани негізі.
Кездесуді ашқан Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев Абайдың тағылымы жастар тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
«Біз Абайды тек мерейтойлық күндерде еске алумен шектелмей, оның ілімін жастар саясатының, тәрбие жұмысының және қоғамдық келісімнің нақты тетігіне айналдыруымыз қажет. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен заңға құрмет қағидаттарымен толық үндеседі», – деді Мирас Нысаналиев.
Іс-шараға жастар белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, шығармашыл жастар және қаланың комьюнити-орталықтарының басшылары қатысты.
Кездесудің басты қонағы Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов болды. Ашық диалог форматында ол өзінің шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, театр мен өнердің тұлға қалыптастырудағы рөлі, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтардың қазіргі қоғамдағы маңызы жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар Абай бейнесін театр сахнасы мен кино өнерінде сомдау тәжірибесіне және оның мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесуден кейін ұлы ақын шығармашылығына арналған әдеби-поэзиялық бағдарлама өтті. Іс-шараға «Jas Aqyn» қалалық байқауының жеңімпаздары да қатысып, талантты жастар Абайдың өлеңдерін оқып, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген зор құрметін көрсетті. Жастар халық әртісіне өз сұрақтарын қойып, Абай философиясының бүгінгі қоғам мен жас ұрпақ үшін өзектілігін талқылады. Кездесу соңында Болат Әбділмановқа ұлттық мәдениетті дамытуға және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне қосқан елеулі үлесі үшін ұлттық шапан жабылды.
Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Алматы қаласында 20-дан астам мәдени, білім беру және жастарға арналған іс-шара өткізу жоспарланған. Қалада ұлы ойшылдың шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған әдеби кештер, шығармашылық байқаулар, ашық дәрістер, ағартушылық кездесулер және диалог алаңдары ұйымдастырылады.
Мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлер мен рухани мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Абайдың білім, еңбек, адалдық және елге қызмет ету туралы идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, қазақстандық жастар үшін маңызды рухани бағдар болып қала береді.