Алматыда ең ауқымды жастар фестивалі – ALMA LOVE 2026 басталды

Алматыда ең ауқымды жастар фестивалі – ALMA LOVE 2026 басталды

2-ші тамыз күні Алматы қаласында Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE 2026 ауқымды жастар фестивалі өз жұмысын бастады. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестиваль 2–12 тамыз аралығында жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына білім беру, мәдениет, спорт, экология, волонтерлік және қоғамдық бастамаларды қамтитын ондаған іс-шара ұсынады. Фестивальге 20 мыңнан астам жастың қатысуы күтілуде.

ALMA LOVE бүгінде Алматы жастарын біріктіретін ең ірі алаңдардың біріне айналды. Биылғы фестиваль «Қала сенен басталады» идеясымен өтуде. Бұл тұжырымдама жастардың қаланың дамуына, қоғамдық өмірге және оң өзгерістерге бастамашы болатын негізгі күш екенін айқындайды.

«Фестиваль тұжырымдамасы мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарды дәріптейді. Бүгінде жастардың жауапкершілігін, жасампаздық мәдениетін және қоғам өміріне белсенді қатысуын қалыптастыру аса маңызды. ALMA LOVE - бұл мерекелік алаң ғана емес, жастардың жаңа білім алып, өз мүмкіндігін жүзеге асырып, жаңа бастамаларға жол ашатын кеңістік», - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Оның айтуынша, фестиваль аясындағы іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосып, жастар арасында қоршаған ортаға жанашырлықты, қоғамдық құндылықтарды құрметтеуді, заңға бағыну мәдениетін және ел болашағына деген жеке жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.

Фестивальдің алғашқы күні EcoVibe экологиялық челленджімен басталды. Оның аясында жүздеген жас қаладағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және экологиялық акцияларға қатысты. Сонымен қатар 3-ші тамыздан бастап JasVibe қалалық жобасы іске қосылып, брендтелген автокөлік мен JasAlmaty маскоты Алматы көшелерінде фестивальдің мерекелік атмосферасын қалыптастырып, тұрғындарды фестиваль бағдарламасымен таныстыруда.

 

Фестиваль бағдарламасында жастардың зияткерлік және тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Қаланың комьюнити орталықтарында 4-ші тамыз күні қаржылық сауаттылық, экологиялық жауапкершілік, саналы тұтыну және азаматтық белсенділік тақырыптарына арналған LEVEL UP интеллектуалдық ойындары өтеді.

Арбат алаңы дәстүрлі түрде шығармашыл жастардың орталығына айналып, 5-ші тамыз күні Avenue Talent жобасы аясында жас әншілер, музыканттар, ақындар, бишілер мен суретшілер өз өнерін көпшілікке ұсынады.

Фестивальдің маңызды оқиғаларының бірі ALMA LOVE Talks жастар форумы болады. Форум 6-шы тамыз күні кәсіпкерлерді, ғалымдарды, спортшыларды, қоғам қайраткерлерін және пікір көшбасшыларын біріктіріп, TED форматындағы ашық кездесулер арқылы жастарды жаңа жетістіктерге шабыттандырады.

Бағдарламада сондай-ақ тамыз айының 7-сі Сайран көлінің жағасындағы ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, 8-і JasAlmaty Cup - 2026 футбол турнирі, 10-ны Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі және «Абай жағалауда» және 10-11 күндері мәдени-ағартушылық жобасы және көшбасшылық, инновациялар, волонтерлік, психикалық денсаулық пен халықаралық жастар ынтымақтастығына арналған «UNICEF Жастар форумы – 2026» халықаралық форумы өтеді.

Фестивальдің шарықтау шегі 12 тамыз күні «Шабыт» жазғы амфитеатрында өтетін ALMA LOVE қорытынды концерті болады. Мерекелік кеште танымал қазақстандық өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, белсенді жастар марапатталады, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қоғам қайраткерлері қатысады.

Фестиваль күндері әлеуметтік жобалар көрмесі, жастар бастамалары аймағы, игі істердің цифрлық платформасы, кітап кеңістігі, спорттық және ойын алаңдары, шығармашылық шеберлік сабақтары мен Алматыға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін заманауи арт-инсталляциялар жұмыс істейді.

ALMA LOVE 2026 білім, мәдениет, спорт, шығармашылық, волонтерлік және қоғамдық бастамаларды біріктіретін Қазақстандағы ең ірі жастар фестивальдерінің бірі ретінде тағы да өз мәртебесін дәлелдейді. Фестивальдің басты мақсаты -– қаланың дамуы әрбір жас азаматтан басталатынын, ал Алматыға деген сүйіспеншілік жауапкершілікпен, жасампаздықпен және ортақ игілікке үлес қосудан көрінетінін көрсету.