
Алматыда алғаш рет «Жастардың бюджетке қатысуы» атты ауқымды жоба іске қосылады. Бұл – қала жастарына Алматыны дамытуға бағытталған өз идеяларын ұсынуға, оларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау алуға және қалалық ортаны қалыптастыруға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін жаңа тетік. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек өзінің Instagram парақшасында хабарлады (сілтеме).
Жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады және азаматтық белсенділікті, жастар көшбасшылығын және қоғамдық бастамаларды дамытуға арналған жаңа алаңға айналады.
«Жастардың бюджетке қатысуы» мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетігі болады. Бұл жоба әрбір белсенді алматылыққа өз идеясын нақты қалалық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудан бастап экологиялық бастамаларға, цифрлық сервистерге, білім беру бағдарламалары мен мәдени іс-шараларға дейін – енді дәл жастар Алматыны заманауи, жайлы әрі тартымды қала етуге бағытталған өз ұсыныстарын жүзеге асыра алады», – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Жобаның негізгі мақсаты – жастарға қаланың дамуына нақты ықпал етуге мүмкіндік беру. Бұған дейін тұрғындар тек өз ұсыныстарын білдіре алса, енді үздік бастамалар қаржылай қолдау алып, іс жүзінде жүзеге асырылады.
Жобаға Алматы қаласында тұратын, жасы 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Өтінімді жеке тұлға ретінде де, бастамашыл топ, жастар ұйымы немесе қоғамдық бірлестік құрамында да ұсынуға болады.
Өтінімдер тек электронды форматта jasalmaty.kz порталы арқылы қабылданады. Қатысушылар порталға тіркеліп, электрондық өтінім нысанын толтырып, жоба сипаттамасын, шығындар сметасын, күнтізбелік жоспарды, презентацияны және өзге де қажетті құжаттарды жүктеуі тиіс.
Жоба аясында жастар қалалық ортаны абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, мәдениет, спорт, экология, цифрлық технологиялар, әлеуметтік қолдау, жастар кәсіпкерлігі, IT, туризм, медиа, инклюзия және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша өз бастамаларын ұсына алады. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға нақты пайда әкелетін жобаларға басымдық беріледі.
Жобаларды іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін құжаттарға техникалық сараптама жасалады. Одан кейін жобаларды Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар және ғылыми қауымдастық өкілдері кіретін конкурстық комиссия қарайды. Бағалау барысында жобаның өзектілігі, әлеуметтік маңыздылығы, іске асыру мүмкіндігі, инновациялық сипаты, бюджетінің негізділігі және күтілетін нәтижесі ескеріледі.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – ашық онлайн дауыс беру жүйесі. Сараптамалық іріктеуден өткен жобалар ресми платформада жарияланып, Қазақстан тұрғындары өздеріне ұнаған бастамаларға дауыс бере алады. Дауыс беру электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS арқылы растау негізінде жүргізіледі. Бұл дауыс беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, нәтижелердің әділдігіне кепіл болады. Әрбір пайдаланушы үш жобаға дейін дауыс бере алады.
Жеңімпаздар конкурстық комиссияның қорытынды бағасы мен халықтық онлайн дауыс беру нәтижелері негізінде анықталады. Үздік жобалар өз бастамаларын жүзеге асыру үшін қаржылай қолдауға ие болады. Бір жобаға бөлінетін қаржы көлемі 500 мың теңгеден
5 миллион теңгеге дейін, ал бағдарламаның жалпы бюджеті
90 миллион теңгені құрайды.
Жобаларды іске асыру ұйымдастырушылардың тұрақты сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Қатысушылар аралық және қорытынды есептерді, сондай-ақ орындалған жұмыстарды растайтын фото және бейнематериалдарды ұсынуы қажет.
Жоба қорытындысы бойынша 12-ден 60-қа дейін жастар бастамасын жүзеге асыру, 500-ден астам алматылық жасты жобаға тарту, жастардың шешім қабылдау процесіне қатысу деңгейін арттыру және өз қаласының дамуына жауапкершілікпен қарайтын жаңа буын жастар көшбасшыларын қалыптастыру жоспарланып отыр.