Алматы түркі әлемі жастарының халықаралық диалог орталығына айналды: алматыдағы түркі жастары апталығының қорытындысы

Алматы түркі әлемі жастарының халықаралық диалог орталығына айналды: алматыдағы түркі жастары апталығының қорытындысы

Алматы түркі әлемі жастарының халықаралық диалог орталығына айналды: алматыдағы түркі жастары апталығының қорытындысы

2026 жылғы 10–14 маусым аралығында Алматы қаласы «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» мәртебесін іске асыру аясында халықаралық іс-шаралардың негізгі алаңына айналды. Бес күн бойы Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген жастар өкілдері білім беру, диалогтық, экологиялық, волонтерлік және мәдени бағыттағы іс-шараларға қатысып, түркі мемлекеттері жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлестерін қосты.

Іс-шаралар бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі идеологиялық басымдықтар негізінде құрылды. Халықаралық деңгейде цифрландыру және жасанды интеллект, «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық волонтерлік қозғалысты дамыту мәселелері талқыланды.

«Цифрландыру және жасанды интеллект» бағыты аясында ағылшын тілінде өткен халықаралық Digital Turkic Youth форумы ұйымдастырылды. Форум спикерлері қатарында Higgsfield AI компаниясының Growth Manager-і Санжар Базильжанов, KOZ AI компаниясының қаржы директоры әрі серіктесі Наби Сатыбалдин және «Аттрактор Скул Алматы» ЖШС директоры Ардашим Иван болды. Сарапшылар жасанды интеллекттің даму перспективаларын, цифрлық технологияларды, болашақ дағдыларын және цифрлық экономика жағдайындағы еңбек нарығының трансформациясын талқылады.

Адами капиталды дамыту және жастардың психологиялық әл-ауқатын қолдау бағыты бойынша Қазақстан мен Түркия сарапшыларының қатысуымен Kazakhstan–Turkey Psychosocial Support Project халықаралық форумы өтті. Қатысушылар жастарға психоәлеуметтік қолдау көрсету, эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру және дағдарыстық жағдайлардың алдын алу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар делегация мүшелері Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне барып, психологиялық қызметтің жұмысымен танысып, стресске төзімділік пен командалық өзара іс-қимыл дағдыларын дамытуға арналған практикалық тренингке қатысты.

Спорттық бағыт аясында түркі мемлекеттерінің өкілдері «Қайрат» футбол клубының академиясына барып, жас спортшыларды даярлау жүйесімен, спорттық психологияның заманауи тәсілдерімен, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және менталдық тұрақтылықты қалыптастыру тәжірибелерімен танысты.

Бағдарламаның негізгі іс-шараларының бірі алты елдің жастар көшбасшыларын біріктірген Түркі мемлекеттері ұйымының Халықаралық жастар кемпингі болды. Кемпинг аясында жастар дипломатиясы мен мәдениетаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған Beyond Borders: Youth Without Borders сессиясы және цифрландыру, экология, волонтерлік және қоғамдық даму салаларындағы бастамаларды әзірлеуге бағытталған Youth Solutions Lab хакатоны ұйымдастырылды.

Халықаралық волонтерлік ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Халықаралық волонтерлер жылы аясында Алматыда халықаралық делегацияларды сүйемелдеуге және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға жастарды даярлауға бағытталған «Атташе мектебі» жобасы іске асырылды. Қатысушылар халықаралық хаттама мен мәдениетаралық коммуникация негіздері бойынша оқытылып, кейін Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген ресми делегацияларды сүйемелдеуге тартылды.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында Turkic Youth Tree of Unity халықаралық экологиялық акциясы өткізілді. Түркі мемлекеттерінің жас өкілдері қоршаған ортаны қорғауға ортақ жауапкершіліктің белгісі ретінде ағаштар отырғызды. Акция аясында «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» мәртебесіне арналған естелік тақта орнатылды.

«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында азаматтық жауапкершілік, құқықтық мәдениет және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған тақырыптық кездесулер мен диалог алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар шетелдік делегациялар үшін Алматы қаласындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тәжірибесімен, жастар комьюнити орталықтарының қызметімен және жастарды қолдау тетіктерімен таныстыру бағдарламасы өткізілді.

2026 жылғы 14 маусымда «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» жобасының жабылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, Түркі әлемінің жастар астанасының символикалық кілті Өзбекстан Республикасының өкілдеріне табысталды.

2025–2026 жылдары жобаны іске асыру кезеңінде Алматы Түркі мемлекеттері ұйымы кеңістігіндегі халықаралық жастар өзара іс-қимылының маңызды орталықтарының біріне айналды. Қаладағы жастар комьюнити орталықтарының базасында 8 мыңнан астам жасты қамтыған 60-тан астам іс-шара өткізілді. Мәртебені іске асыру жастар дипломатиясын дамытуға, түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге және Президент бастамаларының цифрландыру, экологиялық мәдениет, азаматтық жауапкершілік пен волонтерлік бағыттарындағы практикалық жүзеге асуына мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыстар Алматының Түркі әлеміндегі жетекші жастар орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.