
Алматы қаласында жастардың еңбек жасақтары «Жасыл ел» жобасының жаңа маусымы салтанатты түрде ашылды. Биыл жоба аясында 2100 жас пен жасөспірімді жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Салтанатты шараға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері, жастар ұйымдары, еңбек жасақтарының сарбаздары, еріктілер және қала жастары қатысты.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды қолдау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.
«Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – азаматтардың экологиялық санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Бұл бастама тек тазалық сақтау мәселесімен шектелмейді. Ол қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, еңбекке құрмет, туған жерге сүйіспеншілік және қоғамға пайда келтіру мәдениетін қалыптастырады.
Осы орайда Алматы қаласының әкімдігі жастарды жан-жақты қолдау мәселесіне айрықша назар аударады. Біздің басты мақсатымыз – жастарға мүмкіндік беру, оларды еңбекке, қоғамдық өмірге тарту және әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
«Жасыл ел» жобасы осы мақсаттарға қол жеткізудегі ең тиімді бастамалардың бірі болып табылады. Жоба жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға, туған қаласын көркейтуге үлес қосуға және экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді», – деді Азиз Қажденбек.
Бүгінде Алматы жастар саны бойынша еліміздегі жетекші өңір болып саналады. Қалада 769 мыңнан астам жас тұрады. Оның ішінде 472,8 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 307,8 мыңнан астамы – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, ал шамамен 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары.
2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жобасы жастар арасында еңбек мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық сананы арттыруға және жастарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартуға бағытталған.
Жоба жетекшісі Ердәулет Жүнісбектің айтуынша, жазғы маусым барысында еңбек жасақтарының сарбаздары қаланы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстарымен айналысып, түрлі экологиялық акцияларға қатысады.
«Көптеген жастар үшін «Жасыл ел» алғашқы еңбек мектебіне айналады. Мұнда олар тек тәжірибе жинап қана қоймай, жауапкершілікке, тәртіпке және белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиеленеді», – деді Ердәулет Жүнісбек.
Айта кету керек, 2025 жылы Алматы қаласы «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі үздік өңір деп танылды. Өткен маусымда жоба аясында 2100 жас жұмыспен қамтылып, алғаш рет колледж студенттері мен NEET санатындағы жастар кеңінен тартылды.
Жаңа маусым 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Барлық қатысушылар арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жоба аясында қамтылатын жастар саны артып, экологиялық және қоғамдық бастамалардың саны көбейтіледі.