
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Satbayev University базасында Алматыдағы екінші Эко-Хаб өз жұмысын бастады. Жаңа алаң экологиялық ағарту, волонтерлік бастамаларды дамыту және тұрақты даму қағидаттарын тәжірибе жүзінде үйрету орталығына айналады. Эко-Хаб бірнеше маңызды міндетті қатар атқарады: қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдау, экологиялық волонтерлікті дамыту, мектеп оқушыларына, студенттерге және балалы отбасыларға арналған білім беру іс-шаралары мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ең алдымен тәжірибе мен жеке қатысу арқылы қалыптасады. Сегіз жыл ішінде ECO Network жобасы жергілікті бастамадан ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды.
«Біз еліміздің бірнеше қаласында Эко-Хабтар ашып, тұрақты өзгерістер адамдардың белсенді қатысуынан басталатынына көз жеткіздік. Экология – жалғыз адамның күшімен шешілетін мәселе емес. Осындай жобалар төңірегіне серіктестер, волонтерлер мен пікірлестер неғұрлым көп жиналса, нәтиже де соғұрлым айқын болады», – деді ECO Network ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.
ECO Network ұйымымен бірлесіп Satbayev University-де қайта өңделген пластиктен үстелдер, орындықтар, шамдар және басқа да бұйымдар жасайтын шағын өндірістік цех жұмыс істеп келеді.
«Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында тек білікті мамандар даярлау ғана емес, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру міндеті де тұр. Болашақ инженерлер мен басшылардың Тұрақты даму мақсаттарына оқу кезінде де, кейінгі кәсіби қызметінде де үлес қосуға дайын болуы маңызды», – деді Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев.
Жаңа алаң Алматыдағы экологиялық ағартудың, волонтерлік бастамаларды дамытудың және жастарды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыруға тартудың тағы бір маңызды орталығына айналады.
«Біз Эко-Хаб командасымен бірнеше жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз және мұндай тәсілдің тиімділігін көріп отырмыз. Жастар қалдықтарды өздері сұрыптап, қайта өңдеу үдерісіне қатысып, өз еңбегінің нәтижесін көре алады. Дәл осылай заманауи қалалардың өмір салтының ажырамас бөлігіне айналатын экологиялық мәдениет қалыптасады», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
ECO Network жобасы 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. Осы уақыт ішінде ұйымның бастамалары Қазақстанның он қаласын қамтыды. Олардың қатарында «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп», Эко-Хаб және Эко-Трак бағдарламалары бар. Бүгінде ұйым сарапшылары экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысып, Қазақстан мен ТМД елдерінің мемлекеттік органдарына, білім беру ұйымдарына және қоғамдық бірлестіктеріне кеңес береді.