Алматыда жастарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер жасалуда: жастар еңбек жасақтарын қолдау жөніндегі меморандумға қол қойылды

Алматыда жастарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер жасалуда: жастар еңбек жасақтарын қолдау жөніндегі меморандумға қол қойылды

Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, «Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығы» КММ және «Алтын Орда» қоғамдық қайырымдылық қоры жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған серіктестікті ресми түрде бекітті. Тараптар жастарды «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары арқылы еңбек қызметіне тартуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісімді іске асыру аясында тараптар үміткерлерді тиімді іріктеу және бос жұмыс орындарын орналастыру үшін Электрондық еңбек биржасының (Enbek.kz) мүмкіндіктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Жоба шеңберінде мектеп оқушылары үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл олардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауына және қала үшін маңызды жобаларға қатысуына мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық бағдарламасы жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуден бастап, кәсіби бағдар беру күндері мен әлеуетті жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастыруға дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды. Еңбек мобильділігі орталығы Enbek.kz порталымен жұмыс істеу бойынша техникалық қолдау мен консультациялар көрсетсе, «Алтын Орда» қоры «Жасыл Ел» жасақтары құрамында уақытша жұмыс орындарын құру міндетін өз мойнына алады.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек атап өтті:

«Біздің ынтымақтастығымыз – жастарды қолдаудың тұрақты экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз мектеп оқушыларына тек табыс табу мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесетін нақты құрал беруді мақсат етеміз. Enbek.kz секілді цифрлық платформаларды серіктестеріміздің қолдауымен тиімді пайдалану еңбекке орналасу процесін ашық, заманауи әрі әрбір жоғары сынып оқушысы үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді».

Меморандумды іске асыру жас ұрпақтың еңбек тәртібі дағдыларын нығайтуға, сондай-ақ жастардың мегаполистің әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысу деңгейін арттыруға ықпал етеді.