Алматыда Еріктілер жылы – 2026 салтанатты түрде ашылды

Алматыда Еріктілер жылы – 2026 салтанатты түрде ашылды

5 наурыз күні Алматыда Еріктілер жылы – 2026 салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға шамамен 450 адам қатысты. Олардың қатарында еріктілік ұйым өкілдері, еріктілер қозғалысының үйлестірушілері, белсенді және «күміс» еріктілер, серіктестер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері болды.

Іс-шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Алматы қаласы Еріктілер фронт-кеңсесі ұйымдастырды.

Ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысып, еріктілер қозғалысының қоғам дамуына қосып отырған үлесінің маңыздылығын атап өтті.

«Алматыда еріктілер қозғалысы жыл сайын нығайып, мыңдаған жанашыр тұрғынды біріктіріп отыр. Еріктілер әлеуметтік, экологиялық және қалалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуда», — деді ол.

Іс-шара аясында еріктілердің қаланың әлеуметтік дамуындағы рөліне арналған форум өтті. Онда еріктілік ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар және серіктестер арасында ашық диалог өтіп, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар талқыланды.

Сонымен қатар еріктілік ұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әлеуметтік еріктілік, спорттық бастамалар, төтенше жағдайлар мен қауіпсіздік саласындағы жобалар, жастар және цифрлық бастамалар таныстырылды.

Рәсімнің басты символдық сәті — Уақыт капсуласы – 2026 салу болды. Капсулаға еріктілер қозғалысын дамытуға арналған стратегиялық мақсаттар мен ұйым жетекшілерінің үндеуі орналастырылды.