Беделді мәртебе қалаға IV халықаралық жастар фестивалінің ашылуында берілді. Мұндай шешімді Түркі мемлекеттері ұйымы қабылдады.
Салтанатты ашылу рәсімі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінен басталды. Ол фестиваль қатысушыларына арналған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы Алматының ел тарихындағы ерекше рөлін атап өтіп, қаланың түркі мемлекеттері жастарының бірлігінің символына, жаңа идеялар мен жобалар алаңына айналып келе жатқанын айтты.
Бұған дейін Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі Әзербайжан Республикасындағы Ленкорань қаласына тиесілі болған. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл мәртебенің Алматыға берілуін маңызды қадам, сабақтастық пен жастардың өңір дамуына қосатын үлесінің символы ретінде атап өтті.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жаңа мәртебені сенім мен үміттің белгісі ретінде бағалап, қаланың түркі елдерінің жас көшбасшылары үшін идеялар, достық пен бірлік орталығына айналып келе жатқанын айтты.
Жыл бойы Алматыда халықаралық деңгейдегі жарқын мәдени, ғылыми, спорттық және жастар шаралары өтеді. Қала басшысының тапсырмасы бойынша «Жастардың қатысу бюджетін» қалыптастыру тетігі әзірленетін болады. Бұл жастарға азаматтық белсенділігін танытып, қаланың дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Абай алаңындағы салтанатты рәсім қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен жарқын концерттік бағдарламамен аяқталды. Халықаралық фестиваль бүгін де өз жалғасын табады. Оның аясында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту мәселелерін талқылайды.