Алматыда ғылыми қызметтің басым бағыттары ретінде экология, сейсмика, зияткерлік әлеует, инфрақұрылым және көші-қон үдерістері айқындалды.
Алматыда әкім Дархан Сатыбалдының төрағалығымен әкімдік жанындағы Ғылым және технологиялар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары және жас ғалымдар қатысты. Кеңес Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде инновациялық экожүйені дамыту үшін құрылған.
Қала әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттердің өзектілігін атап өтті. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, жаңа салаларды дамыту және ғылым мен технологиялар үшін қолайлы орта қалыптастыру қажеттілігіне назар аударды.
«Жаһандық өзгерістер жағдайында Алматының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оның әлеуетін барынша тиімді пайдалану маңызды», -деді Дархан Сатыбалды.
Ерекше назар жасанды интеллект тақырыбына аударылды. Мемлекет басшысы арнайы министрлік құру және AI технологияларын экономикаға кеңінен енгізу қажеттігін мәлімдеді. Дархан Сатыбалды бұл бастаманың Алматы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті, өйткені қала қазірдің өзінде елдегі жетекші IT-хаб болып табылады: 254 инновациялық компанияның 52-сі осында орналасқан.
Сондай-ақ, цифрлық технологиялар экономиканы жаңғыртуға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға айтарлықтай мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Тағы бір маңызды бағыт ретінде кадр даярлау мәселесі аталды. Әкімнің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту оқу бағдарламаларын өндірістің нақты қажеттіліктеріне сай етуге мүмкіндік береді. Ғылымды коммерцияландыру, әкім атап өткендей, «еңбек өнімділігін арттырып, инвестиция тартуға жол ашады».
«Ыңғайлы әрі қауіпсіз ортаны құру үшін жергілікті ғылыми институттар мен ғалымдардың қолданбалы зерттеулерін және идеяларын белсенді енгізу маңызды», - деді Дархан Сатыбалды.
Кеңес осы мәселелерді жүйелі түрде зерттеп, инновациялық шешімдер әзірлеуді мақсат етеді, ол үшін әлемнің үздік тәжірибелері мен отандық стартаптарға сүйенеді.